Өндірісі өркендеген аймақтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады
- Толығырақ
- Құрылды 04.04.2017 04:17
- Категория: Мақалалар
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Өткен аптада ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданның бірқатар әлеуметтік нысандары мен өндіріс орындарын аралады.
Әуелі Ақкөл ауылындағы аурухананың жай-күйімен танысқан облыс басшысы мұнан соң ат басын Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекеніне бұрды. Жұма күнгі жұмыс сапарында «Ақтөбе» мешітінің жамағатымен жүздескен облыс басшысы облыстың бас имамы Данияр Жұмабаевтан ауылдың діни ахуалы мен мешіттің материалдық тұрғыдан жағдайын сұрастырды. Кәрім Нәсбекұлы әлемді жайлаған діни тұрақсыздық жағдайында жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтап, олардың діни сауаттылығын арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін атап өтіп, ауыл имамына алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Облыс басшысының бұл күнгі жұмыс сапары бұдан соң Үшарал ауылдық округінде жалғасты. Жолай жайылымда жүрген «Байымбет» шаруа қожалығының иелігіндегі уақ малдың жайын көрді.
Көктеуге жақында шыққан малдың қоңы жақсы екенін көрген Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімі Болат Рысмендиевтен ауылшаруашылық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы өңірдегі төрт-түлік мал қыстан күйлі шыққандығын, аталмыш шаруа қожалығында уақ малмен қатар, 620 бас ірі қара. 200 жылқы бар екендігін, ауданда «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жұмыс жанданғанын жеткізді.
Үшарал ауылындағы Әбдір Сағынтаев атындағы орта мектеп пен осы мектеп жанындағы «Ұлбике» шағын орталығын аралаған Кәрім Көкірекбаев көптен бері шешімін күткен жаңа балабақша салу мәселесін оңтайлы шешу жолдарын қарастырып, ойын жергілікті басшылықпен сондай-ақ ауыл ақсақалдарымен бөлісті.
- 1276 орындық білім ордасында бүгінгі таңда небәрі 200 бала оқиды. Бұл дегеніңіз мектеп ғимаратының жарты бөлігі бос тұр деген сөз. Сол себептен жұмыс істеп тұрған шағын орталықтың ауқымын кеңейтіп, ойын алаңдарын, балабақша ауласын кеңейту керек, - деген облыс басшысы аталмыш жұмыстарды үйлестіруді аудан әкімі Болат Рысмендиев пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Күлшат Қожатаеваға тапсырды. Алдағы уақытта мектеп ғимараты мен алаңына жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстарының жоспарымен танысып, өз тарапынан бірқатар толықтырулар енгізіп, тапсырмалар берді.
Мектепке жақын орналасқан, бүгінде пайдалануға берілген спорт алаңын аралап, жұмысын көрген облыс әкімі болашақта салынуы тиіс спорт кешенінің құрылыс жоспарымен де танысып, тағы бір пысықтады. Бұдан кейін ол жөндеу жұмыстары жүргізілетін ауылішілік Е.Үдербаев және Абай көшелерінің жай-жапсарынан хабардар болды. Ауыл ақсақалдары тарапынан айтылған ауыз су мәселесі турасындағы өтініштерін тыңдап, тиісті мамандарға тез арада жұмыс тобын құрып, жергілікті тұрғындар тұтынып отырған ауыз судың құрамын тексеруді тапсырды.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай ауқымды жобаларды жүзеге асырып, бүгінгі таңда өнім өндіріліп, жаңадан жұмыс орындары ашылып, жергілікті халық игілігін көріп отырған ауданның аталмыш саладағы жетістіктері көңіл қуантарлық. Бұл туралы Кәрім Нәсбекұлы “Қаратау” ПРО, «Жамбыл Недр», «Talas Investment Сompany» ЖШС сияқты өндіріс ошақтарын аралағанда мәлім етті. Құрылысқа қажетті өнімдер өндіретін “Қаратау” ПРО ЖШС қазіргі таңда бір жылда 110 мың тонна өнім өндіріп, 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта сұраныс болса өндірілген өнімді шет мемлекеттерге экспортқа шығаруды жоспарлауды, сонымен қатар мүмкіндігінше өнім көлемін арттыруды қарастыру керектігін тілге тиек етті. «Жамбыл недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен натрий цианидін өндіретін іргелі «Talas Investment Сompany» ЖШС басшылары облыс әкіміне өндіріс орындарының жұмысын кеңінен әңгімеледі.
“Моноқалаларды дамытудың -2012-2020 жылдарға” арналған бағдарламасы» аясында Қаратау қаласының инфрақұрылымы қайта жанданып келеді. Тоқырау жылдарында бұзылған көптеген көп қабатты тұрғын үйлердің бірқатары толығымен қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілуі сөзімізге дәлел. Қаладағы 3-мөлтек ауданындағы 120 пәтерлі №51 үйді қайта жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған. Мердігер компания «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде бұл жұмыстарды толығымен аяқтаған. Толықтай жаңғыртылған пәтерлердің бірқатарын аралап көрген Кәрім Көкірекбаев серіктестік басшысына алғысын білдіріп, аудан басшылығына тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы