Шуағын шашқан әз-Наурыз
- Толығырақ
- Құрылды 04.04.2017 04:30
- Категория: Мақалалар
Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"
Уақытын санап өтіп, үш ай бойы қонақ етіп, ызғарын қабылдатып, боранын дамылдатып, қыс мезгілін де шығарып салдық. Көкжиектен көрінген, шарапаты төгілген, тіршілікке нәр берген, ел-жұртыма сән берген Гүл-Көктеммен бірге шуағын шашып әз-Наурыз да төрімізге шықты.
Нұрын төгіп нұрланып келген Наурыз мерекесін төменгі Талас баурайында, қарт Қаратау қойнауында сүттей ұйып, тыныштықтың бесігінде тербеле тіршілік етіп жатқан Талас жұрты да ерекше қуанышпен қарсы алды.
Наурыз мерекесіне орай, қаламыздағы «Жеңіс» алаңында ақшаңқан киіз үйлер ауылы бой көтеріп, қуаныштың құшағына оранған көпшілік бір-бірімен төс қағыстыра сәлемдесіп, тілек тілеп жатты. Ұлттық нақышта киінген қала тұрғындары әрбір киіз үйдің маңында бозторғайдың биігіне көтеріп, әуелете салған сырлы сазға толы әуезді әнді еліте тыңдап, «Наурыз көжеден» дәм татып жатты.
Осы көпшілік алдында құттықтау сөзін сөйлеген аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев таластықтарды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтап:
-Күллі шығыс әлемі үшін Жаңа жыл саналатын Наурыз-бірлік пен берекенің, шаттық пен қуаныштың мейрамы, халықтың жанын жадыратар Көктем мерекесі.
Наурыз мейрамында қазақ халқына тән асқан адамгершілік, шынайы имандылық қасиеттері тоғысқан. Бұл мерекеде қазақтық қалпымыз, ұлттық келбетіміз, төл дүниетанымымыз көрініс тапқан,-деді.
Одан әрі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы дайындаған театрландырылған көріністі тамашалаған жұртшылық Жер-Ананың жүрек тебірентер сөздерін тыңдап, Қыдыр бабамен қауышты, әншілердің әніне бөленіп, күйшілердің күйімен тербелді.
Бұл күні осы «Жеңіс» алаңындағы қаратаулықтар мен қала қонақтары қол күресі, арқан тартыс секілді спорт түрлерінің куәсі де болды.
Ал, «Атшабар» алаңында көкпаршылар қазақы ойын өрнегін көрсетті.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы