Денсаулық сақшылары
- Толығырақ
- Жарияланды 17.01.2017 04:38
- Автор: Super User
- Категория: Алғыс арқалаған хат
- Қаралды: 1453
Талас аудандық орталық аурухана ұжымы Жаңа жылды үлкен үмітпен қарсы алып отыр. Тәуелсіздік жылдары 13 емдеу орны пайдалануға берілген екен.
Тек өткен жылы Шәкіров ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет салынды. Ақкөл ауылындағы аурухана 10 төсектік емделушіге ұлғайды. Қаратау қаласында заманауи үлгідегі технологиямен жабдықталған аудандық емхана ел игілігіне ұсынылды.
Аудандық орталық ауруханада білікті мамандар қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Әсіресе, ауруханадағы Жалпы терапия бөлімінің (меңгерушісі Омарова Күлзира Шаймұратқызы) дәрігер, мейірбикелердің адал қызметіне науқастар дән риза.
- Бір аптадан аса жатып емделдім, - дейді Талас ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Байұзақ Көлбайұлы, - Күлзира Шаймұратқызы мен дәрігер-терапевт Нина Николаевна Качалова басқарған ұжымның біліктілігіне, еңбекқорлығына дән ризамын.
Мұндай жылы лебізді емделуші Е.Нұржаубаевтың да аузынан естідік.
Бөлімнің аға мейірбикесі Ләззат Жұманова мен егу медбикесі Ботагөз Аллабергенова және кезекші мейірбике Әзиза Дүйсенбековалар нағыз өз ісінің мамандары.
Адам баласы дәрігерге келгенде жанына шуақ, еміне дәру іздейді. Ақ халатты абзал жандардың аялы алақаны мен адал қызметі – емнің ең басты кепілі іспетті.
Осы орайда, науқастарға ем-дом жасауда кәсіби мамандықтарына адалдық танытып жүрген терапия бөлімінің дәрігерлері мен мейірбикелеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
- Мен 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, жолдамамен Қаратау қаласына келдім, - дейді Күлзира Омарова, - содан бері 28 жыл өтті. Осында отбасын құрдым. Ұлым Алматыдағы аграрлық университетте оқып жүр. Білікті дәрігер ретінде талай жерге қызметке шақырды. Бірақ, мен осы жерді, Қаратауды таңдадым. Маған бұл жер ыстық.
Ағынан жарылған бөлім меңгерушісі мен барлық ақ халатты абзал жандарға Жаңа жыл нұрын төге берсін.
Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас ауданының Құрметті азаматы. Қаратау қаласы.
Газет pdf нұсқасы