Дәстүрлі дін-ұлт руханиятының айнасы

Мемлекет тұрақтылығы мен ел татулығының бірден-бір кепілі- дін. Салт- дәстүрімізбен сабақтас, рухани дүниемізбен үндес ислам діні иісі қазаққа етене жақын.

Бабадан балаға жалғасып, тамырын жайып, қалыптасқан жолымыздан тайдырушы ағымның көбейгені жан сыздатады. Пікірге шақырып, пейілді көрінгенімен пиғылы арыда жатқан арандатушылардың әрекеті алды-артын аңдамаған жастар үшін аса қауіпті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында: «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен оның бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс»,-деп міндеттеген болатын.
Аурудың алдын алсаң, асқынбайды. Осы мақсатта облыстық дін саласындағы ақпараттық-насихат тобы қаламыздағы Балалар өнер мектебінде мектеп оқушылары және білімгерлермен кездесіп, кеңестерімен бөлісті. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Жақсылықтың төрағалығымен өткен жиында алғашқы болып сөз алған облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан Аманбаев: - Облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбековтың бастамасымен дін саласы қызметкерлерінен ақпараттық-насихаттық топ құрылған болатын. Ондағы мақсат жастардың діни сауатын ашу. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін “экстремизм” сөзін біледі. Экстремизм- үрей салу деген мағынаны білдіреді. Біз бұл атауды дінге араластырмауымыз керек. Екі бөлек ұғым. Жүрек бар жерде дін бар. Ол көзқарас қалыптастырады, өмірді реттейді. Экстремизм неге өмірімізге еніп бара жатыр? Өйт­кені, рухани байлығы­мыздың төмендігінен. Біз теріс ағымдарды шеттетіп жатамыз, керісінше, олармен күресуіміз қажет. Дінде жастайынан, ана жатырынан тәрбиелеу жайлы айтады. Біздің осалдығымыз балаға берген тәрбиеден басталады. Дін жолы- иман жолы. “Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай”,-деп көпшілікті имандылыққа шақырды.
Алғашқысы-жан, содан кейін-тән. Жанның белгісі-сана, ақыл, сезім. Бірақ, сезім ырыққа көне бермейді. Демек, дүниенің сыры тек тану, үйренумен түгенделе салмайды. Зерделеуден тұрады. Ол-иман. Иман- тілмен айтқанды жүрекпен бекіту, оны іс-әрекет арқылы жүзеге асыру.
Жастардың танымын тура жолдан тайдырып, сананы улау оқиғалары қоғамда ушығып барады. Өзекті мәселе жайында пікірін ортаға салған ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев: «Ислам- бейбітшілік деген сөз. Ислам дініне қастандық жасау ғасырлардан жалғасып келеді. Ал, діни ағымдар жастарды уағыз арқылы өздерінің қатарына қосып, құрал ретінде пайдаланады. Соның бірі- Таблиғи жамағат. Үй-үйді аралап адам жинайды. Оларды шет елдерге 40 күнге, тіпті, 4 айға дейін оқуға жібереді. Заң талабы күшейген сайын түр кейіптері мен киім пішіндерін де өзгерткен, көптен айыру онай емес. Олар қоғамға дұшпан көзбен қаратады. Ата-ананы мойындамау, білімді жоққа шығару басты ұстанымдарының бірі. Аузында Алласы бар екен деп алданып қалмаңыздар. Жылы сөйлеп сізді басқа жақтан шығарады. Сондықтан, ұлттық нышанымыз бар соны ұстанайық. Елбасы бірлігі үлгі, татулығы тұрақты мемлекет болуға шақырады. Ендеше, сол мақсатқа неге бірге ұмтылмасқа?- деп жиылғандарға мешітте сауат ашу курсы ашылғандығын жеткізді.
Көпшілікпен пікірлесу мақсатында ұйымдастырылған шара тек жоспардағы баяндамалармен шектелмей жиылғандарға кері байланыс жасап, сұрақ-жауап алу арқылы бағытын сан құбылтып, тыңдарманға есте қалардай ерекше күй сыйлады. Бұдан соң ақпараттық-насихаттық топ С.Шәкіров және Бостандық ауылдарына бағыт түзеп, тұрғындармен кездесіп, сауалдарына жауап берді.
Тіршіліктің тірегі, адамдар арасындағы аманаттық байланыс- үміт пен сенім. Үміттің үзіліп, сенімнің қирауы- өзіне қол жұмсауға соқтырады. Бұл жеке адамның емес, жалпы ұлттық қасірет. Соңғы кезде жастар арасында жиілеп кеткен суицид жайында ауыл тұрғындарымен кездесуде қорытынды сөз алған Жасөркен Берікұлы: «Барлығы тәрбиеге тіреледі. ҰБТ уақыты келген кезде 11 жыл оқытатын білімді біз баладан бір күнде талап етеміз. Жеткілікті балл ала алмаған баланы жазғырамыз. Сөйтіп, қорқынышқа итермелейміз. Одан оқушы өз-өзіне қол жұмсамағанда қайтеді? Тоқыраудың барлық түрінің ең қатерлісі-сенім тоқырауы. Оларға сенім қалыптастырып, жігер беруіміз керек»,- деп ата-аналарға бала тәрбиесіне мән беру қажеттігін еске салды.
Рух-адам бойындағы тылсым күш. Ол қуат өмірде кездесетін кедергілерге қарсы тұрып, асыл қасиеттерді қабылдай алатын игі істердің қайнар көзі. Мемлекеттің көркеюі ұлттық рух биігіне байланысты. Белгілі публицист Әмірхан Меңдекенің мына сөзімен түйіндесек: - Әуелі-адам, содан кейін-қоғам. Әуелі-иман, содан кейін-үйлесімділік. Әуелі- руханият, содан кейін- өркениет. Бастапқылары түзелмей, кейінгілері ешуақытта түзелмейді.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер