Діни сауатсыздық-діни экстремизмнің бастауы

Бүгінгі таңда діни экстре­мизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор бет­те­рінен шет елдердегі жә­не Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде, діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.


Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.
Экстремизмнің пайда бо­луы надандыққа, көрсоқыр­лыққа бейімделген көзқарас­тардан туындайды, яғни, олар­дың ойы “тек қана менің пікірім дұрыс, өзгенікі бұрыс” дегенге саяды. Бұл оның ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Сондай-ақ тағы бір көрінісі - өзгелерді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу. Олар өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызады. Тура жол көрсеткендерді мойындамайды. Міне, осы себептерден, түрлі төңкерістер мен қантөгістер орын алуы ықтимал.
Экстремизм мүшелері көз­деген мақсаттарына же­ту үшін ешнәрседен қай­мық­пайды. Тіпті, өздерін құр­бан етуге әзір. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың, руха­ни дүниенің таяздығы салдары­нан осы теріс ағымдардың қол - шоқпары болып, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып жүр.
Жалпы, діни экстермизмнің қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуы­на себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен, бұл діни сауатсыздық екенін жоғарыда айттық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде, Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештемені білмей, еш нәрсе ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр. Тұрғындардың, әсіресе, жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі.
Экстремизмнің бүгінгі таңда кең тараған түрі – терроризм. Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқы­ныш, әбігер туғызу, елдің ты­ныш­тығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады.Терроризмнің ұлттық сипаты жоқ, бұл қылмыспен кез-келген ұлттың өкілі айналыса алады. Оған себеп, сылтау, қолайлы сәт керек, тиісті бопсалау, ынталандыру, иландыру, пси­хо­логиялық амалдардың сүз­гісі­нен өтулері керек. Сонда ұлтына, жынысына, жасына, дініне, тіліне қарамастан, ланкестер қатарынан келіп бір-ақ шығады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік-экономикалық, мо­раль­дық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террор­лық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Саяси экстремизмді өзін құтқарудың, Құдайдың құлы ретіндегі міндетін адал өтеудің бір амалы деп қабылдайды. Әдетте, бұған ерік-жігері осал, үгіт-уағызға тез берілетін, өмірде белгілі бір мақсаты жоқ, рухани дүниесі кедей жандар бейім келеді.
Осы орайда, ауылдық округ әкімдігі мен ауылдық ақпараттық –түсіндіру тобының ұйымдастыруымен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республика­сының Заңын халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізі­ліп, жыл бойына аудандық мешіттің бас имамы Н.Алиев пен ТарМПИ-дің оқытушы дінта­ну­шысы Б.Алпысбаев «Дiни нанымдарды құрметтеу мен маңыздылығын түсіндіру», аудандық дін саласындағы АТТ мүшесі, дінтанушы Б.Сыздықбаев, Қаратау қаласы «Әбдібай ата» мешітінің бас имамы А.Чиркеев «Діни алауыздыққа жол бермеу», Талас АІІБ-ң ЮПТ-ның инспекторы полиция капитаны – Е. Әбзелбеков «Дін және жастар», «Ауыл жастары жар­қын болашақ үшін» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайы­мы А.Бижанова «Дін, Жастар, Тероризм», «Муслин» қоғамдық қорының төрағасы Қ.Әлішеров, Тараз қаласы «Тахир ата» мешітінің бас имамы Б.Мыңбаев «Діни экс­тре­мизмнің қоғамға кел­ті­ретін зардаптары» тақырыптарында кездесулер өткізілді. Осы өткізілген іс-шаралар біршама оң нәтижелерін беруде.
Қорытындылай кел­сек, қазіргі таңда ғаламтор­дағы экстремистік сайттар­дың ықпалымен бірге, ше­тел­ден діни білім ал­ған жастарымыздың қаншама­сының санасы уланып, келер ұрпақтың қазақ емес, тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Сол себепті, мұндай мәселені шешу ұлттың келбетін сақтаудың кепілі болмақ. Бір ұлттың діни ұстанымдар негізінде бөлі­нуі салдарынан тұтас мемле­кеттердің тұрақтылығы шай­қалған­дығын тарих көр­сетіп берді. Аталмыш, мәселенің алдын алу кезек күттірмейтін шара. Бұл бағытта, заңдар қайта қара­лып, толықтырылды, арнаулы орталықтар құрылды. Ақ­парат­тық түсіндіру жұмыс­тары күшейтілді. Алайда, діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.
Асқар ҚУАНЫШ,
Ақкөл ауылдық округінің әкімі.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер