Ислам экстремизм мен лаңкестікке қарсы
- Толығырақ
- Жарияланды 26.08.2016 04:59
- Автор: Super User
- Категория: Дінің тұрсын-дін аман
- Қаралды: 1300
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Ислам-адамгершілік құндылықтарға негізделген биік мәдениет пен өркениеттің діні. Ислам мәдениеті мен өркениеті он бес ғасырдан бері бүкіл адамзатты тегі мен нәсіліне қарамай қайырымдылыққа, жомарттыққа, ізгі ниеттілікке, кешірімділікке және әділдікке шақырып келеді. Ислам діні ғасырлар бойы ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас бұлағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде. Ислам діні зорлықты, зұлымдықты емес, керісінше ізгілік пен игілікті насихаттайды.
Құран Кәрімде: «Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгітпен шақыр, әрі олармен ең көркем түрде пікір таластыр!» деп бұйырылған («Нахыл» сүресі, 125-аят).
Сондай-ақ, барша ғаламды махаббатпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) жер бетіне мейірімділікпен бейбітшілікті тарату үшін жіберілген. Алла Тағала Құран Кәрімде бұл туралы: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге тек рақым елшісі етіп жібердік»-дейді («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Міне, осы ислам дінімен келген мейірімділік әлем халықтарының мәдениетінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне айналған. Осындай ғажап құндылықтарды бойына сіңірген әлем мұсылмандарын соңғы кездері экстремизм мен лаңкестік мәселелері қатты алаңдатып отыр.
Экстремизм мен лаңкестік алуан түрлі көріністерімен, ауқымды және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Ең сорақысы экстремистер бейбітшілік сүйгіштікке, байсалдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға төзімділікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін құбыжық, қатыгез дін ретінде көрсетуге, басқа өркениеттермен қақтығыстыруға күш салуда. Осы арқылы тек дінаралық татулықты бұзумен шектелмей, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Ислам атын жамылған дінбұзарлар қасиетті Құран Кәрім аяттары мен хадистерді бұрмалап, өздерінің қылмыстық идеологияларын іске асыру үшін діни құндылықтарды теріс мақсатта түсіндіруде. Аталмыш дінбұзарлар зұлымдық әрекеттерін ислам дініндегі қасиетті ұғым болып саналатын «жиһадпен» байланыстыруда. Алайда, әлемдегі түрлі лаңкестікті тудырып отырған, экстремизм мен ланкестіктің Ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ. Мұның айқын көріністерінің бірі мұсылмандар, тіпті, сәлем бергеннің өзінде бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандар сәлемдесуде қолданатын «Ассалаумағалейкум» сөзі «сендерге Алланың есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді.
Бүгінгі таңда исламға телініп жүрген экстремизм және лаңкестік халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Олардың құрамы исламның негізі қағидаларын білмейтін діни сауатсыздардан тұрады. Дінбұзар лаңкестердің жасаған қатігездіктерінің барлығы ислам шариғатына қайшы. Алла Тағала мұсылмандарға белгіленген шектен шықпауды бұйырады. Жер бетінде зұлымдыққа, әділетсіздікке, қан төгуге тыйым салады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп бұйырады: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал, кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең...». («Мәйдә» сүресі, 32-аят).
Сондай-ақ, келесі аятта: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік шығармаңдар»-деп «Ағраф» сүресі, 56-аятында қатаң ескертеді. Ал, қоғам тыныштығын бұзған жанды сүймейтіндігін былай баяндайды: «Алла бұзақылық жасаушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят).
Бейкүнә жандарды өлтіру үшін өзіне қол жұмсайтын жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Ал шын мәнінде, өзін-өзі өлтіру-үлкен күнәлардың бірі. Алла Тағала бұл туралы: «Өздеріңе өздерің қол салмаңдар! Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге өте рақымды»,-деп бұйырады. («Ниса» сүресі, 29-аят).
Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес бола алмайтындығын түсіндіруіміз керек: «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзал» сүресі, 7-8-аяттар).
Жан алу Жаратушының ықтияр-еркімен, бұйрығымен іске асады, бөгдені жер жастандыру-Алланың қалауына қарсы келумен пара-пар.
Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға қарсы. Жаратушы сөзімен қарасақ, бір адамға қиянат жасап, құрбан ету күллі адамзаттқа бағытталған амал ретінде түсіндіріледі.
Жалпы, терроршының ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Ә.АНАРБАЕВ,
Берікқара ауылдық округі “Тәтен-ата” мешітінің имамы.
Газет pdf нұсқасы