Батагөй қариялар мен жас қарилар сынға түсті
- Толығырақ
- Жарияланды 25.10.2016 08:30
- Автор: Super User
- Категория: Имандылық
- Қаралды: 1480
Мадина Жарас, «Талас тынысы».
Аудан ақсақалдарының арасында ұйымдастырылған “Бата беру” жарысы мен жасөспірімдер арасындағы “Құран оқу” жарысының өтуіне марқұмның артында қалған ұрпақтары мұрындық болса, шараны Тамды ауылындағы «Тәңкібай ата» мешітінің имамы Нұрбол Төреқұлов ұйымдастырды. Екі бөлім бойынша өткен сайысқа ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев, «Жастар ресурстық орталығы» дін істері мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Сәкен Құлбаев, лицейдің тарих пәнінің оқытушысы Есім Үстенов қазылық етті.
Алғашқы бөлімде батагөй қариялар түрлі тақырыпта, яғни, дастархан-дәм батасы, жас отауға берілетін бата, жол-сапар батасы тағы сол сияқты баталарды жатқа айтудан сынға түсті. Сәйкесінше, сайыстың бұл түрі киім үлгісі, жатқа және мәнерлеп оқуы мен батаның тәрбиелік мәніне қарай бағаланды.
Ал, “Құран оқу” жарысына талабы таудай жас жеткіншектер қатысып, бақтарын сынады. Құран сүрелерін мақамына келтіріп, жатқа оқыған жас өрендер көпшілік ықыласына бөленді. Бұл сайысты әділқазы алқасы құранды оқу мәнері мен оқылу тәртібіне, араб қарпінің дұрыс дыбысталуына баса назар аударып, сол бойынша бағалады. Осы орайда, айта кететін бір жайт, құран жарысының ең жас қатысушысы жеті жасар Абдурахман Қалдарханға Тамды ауылының әкімі Саят Момбеков жеке өз атынан сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, шараны ұйымдастырып, демеушілік жасаған Мырзағұлұлы Бабаханның ұлдары шәкірт тәрбиелеп, бәйгеге қосқан барлық ауылдық округ имамдарына ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасады.
“Бата беру” жарысы бойынша бірінші орынды Майтөбе ауылының ақсақалы иеленсе, екінші орын Ақкөл ауылының батагөй қариясына бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды Бостандық ауылының қариясы иеленді. “Құран оқу” жарысы бойынша бірінші орын биігінен Тамды ауылының жас талабы Нұрасыл Ескермес көрінсе, әділқазы алқасы екінші орынға Майтөбе ауылынан келген жас жеткіншекті лайық деп тапты. Үшінші орынды Бостандық ауылының баласы қанағат тұтты.
Шара соңында ауданның бас имамы Нұрсұлтан Әлиев сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сертификат пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Газет pdf нұсқасы