Ол күндердің өшпес даңқы
- Толығырақ
- Жарияланды 06.05.2015 11:31
- Автор: Super User
- Категория: Ұлы Жеңіске 70 жыл
- Қаралды: 1567
Ол кезде Жамбыл ауданы, Берікқара ауылдық кеңесіне қарасты біздің Майтөбе ауылынан 200-ден аса адам Отан қорғауға аттанса, соның ішінде, 1921 жылы туылған Сейітхан Сейдахметов соғыс басталған күннен кейін ай ішінде Көкшетау қаласында жабдықталған соғыс тактикасын оқытып-жаттықтыратын мектептен бірақ шықты.
Сол кезде жетіжылдық білімі бар қазақ баласы үшін әскери-соғыс дайындығын меңгеру онша қиын бола қойған жоқ. Шымыр денелі, орыс тілін түсініп, өз ойын жеткізе де алатын жағдайы бар, ойлы азамат дайындықтан жақсы өтті.
1942 жылдың ақпан айында Москва-Сталинград бағытындағы қорғаныс шебінде қиян-кесі ұрыстарға қатысты. Одан кейін Орел, Белгород, Курск, Минск әскери құрамалары сапында жан алып, жан беріскен шайқастарға қатысты. Екі рет жараланып, емделіп, қатарға қайта қосылды.
1944 жылдың алғашқы аптасында арттарынан қосымша күш келгенше, өз бөлімшесінен тірі қалған екі жауынгермен бір топ жаудың жасағын біраз уақыт тежеп тұрады.
Сейітхан аға осы кезде сол аяғының тоқпан жілігінен ауыр жарақат алады. Ет қызумен атысты тоқтатпай шыдап, оларды біраз шығынға ұшыратады. Қосымша келген күш оны жолдасымен санитарлық бөлімге жібереді. Одан Серпухов қаласы госпиталінде аяқты кеспесе болмайды деген тұжырым болады. Жас жігіт кестірмей жазылудан үмітті еді. Ақырында госпиталь бас дәрігері, ұлты азербайджан, жоғары білімді маман, Қазақстанда тұрған Әлиев: «Сен кестірмеймін деп қасарыса берсең, 5-7 күндік ғана өмірің бар. Жігітім-ау, соғыс біздің жеңіспен аяқталады оған сен. Ата-анаңа, бауырларыңа бір аяқпен де қымбатсың, еліңе аман барып, ел қатарлы үйлі-баранды боласың, сен сияқтылар қашанда құрметке ие»,-дейді.
19 қаңтар күні операция жасалынып, 1944 жылдың қазан айында елге оралады. Қайтар жолы Серпухов-Москва-Тбилиси-Баку-Красноводск-Ашхабад-Ташкент-Жамбыл-Майтөбе. «Қайтарда аталған қалалардың тарихи, көрікті орындарын аралатып көрсетті, өкіметке рахмет» - деп отыратын «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бірнеше медальдардың иесі Сейітхан ағамыз.
Ағамыз ауыл шаруашылық саласында бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша курсты бітіріп, зейнетке шыққанға дейін фермада бухгалтер, орталық кеңседе экономист қызметтерін атқарды. Аудандық, облыстық партия комитеттерінің грамоталарымен, «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ауылдық ардагерлер кеңесін басқарды. Майтөбе кеншарының қой фермасында бухгалтер кезінде менің әкем жұмыс аттарын бақты. Тұрсын Айтөлеков деген ағамыз веттехник болатын. Сейітхан көкеміздің анасы Мерекул апа, Тұрсын ағамыздың анасы Рыс апа, ең жолы кіші менің шешем Тұнық туған абысындай еді. Тамақты кімнің асы бұрын дайын сол үйден ішуші еді. Мен бала көңілмен ол кісілерді ең жақын туысымыз деп ойлайтынмын. Сейітханның да, Тұрсынның да өздері де, отбасы да менің әкеме өте ықыласты еді. Осы күнде ойласам, соғыстың жас жесіріне қайта үйленіп, перзентті кеш көрген әз ағаларына деген рухани қамқорлығы екен ғой.
Секең інісін, қарындасын, екі баласын саналы азаматтар қатарына жеткізіп, тәрбиеледі.
Кейін өзім үйленіп, қызметке араласа бастаған кезімнен ол кісі өмірден озғанша арада үй жоқ, шарбақ қоршауы бір көрші болдық. Ауылдық кеңес атқару комитетінің председателі болып тұрғанымда Ұлы Отан соғысының ардагері, ІІ-топтағы мүгедек, ауылдық кеңес жанындағы ардагерлер алқасының төрағасы Сейітхан Сейдахметовке жаңа соғылып жатқан үйлердің есебінен пәтерін кеңейту мәселесін атқару комитет мәжілісінің күн тәртібіне қойып, ол үйдің өз үйімнің жанында болуын қамтамасыз еткенім бар еді. Сол үйде қазір кіші ұлы тұрып жатыр.
Жеңгеміз Ханзада ешкімді жатырқамайтын ақкөңіл, бауырмашыл, бұл жағынан көкеміздің көшірмесі сияқты адал жан еді. Үш жасымнан менің атымды атамай «Тайғара» деп кеткен асыл жеңгем өмірден өткенше сонысынан жаңылмады. Бір отбасы бір жаққа ұзап шықса, кілті екінші үйде, от жағулы, сиыр сауулы, мал қамаулы, балалар күтулі.
Сейітхан көкем керемет атбегі болатын. Ат әбзелдеріне ықтиятты еді. Бәйгеге ат қосса келмей қалған емес. Атқа мініп тамашадан қалмайтын, нық отыратын.
Екінші немересі дүниеге келді, шашу беріп, мәз-мейрам болып жатыр Сейітхан көкем. «Ал, Ергенжан, осы жолды саған бердім, немеремнің атын сен қоясың»,-деді.
«Олай болса, үлкен немереңіз Жандос, бұл Досжан болады»,-дедім. Бетіме күлімсіреп қарап отыр. «Оған негіз бар, сіз Сейітхан, ал, Хансейіт сіздің ініңіз ғой»-дедім. Маған риза болып, рахаттана күлді.
Сейітхан аға 1998 жылы дүние салды. Ағайын атқа қонса қуанатын, жайсыз жағдайында жабырқайтын, жөн-жосықпен демеп жіберетін үлкен парасат иесі болған тұлғалардың еске жиі түсері сөзсіз.
Ерген Мәдімарұлы,
ауданның Құрметті азаматы, Мемлекеттік қызмет ардагері.
Газет pdf нұсқасы