Майдангер әкемізді мақтан етеміз
- Толығырақ
- Жарияланды 06.05.2015 11:39
- Автор: Super User
- Категория: Ұлы Жеңіске 70 жыл
- Қаралды: 1750
Ел басына күн туған қиын шақта әкеміз Байшонов Жазыбай да 19 жасында майданға аттаныпты. Әкеміз 1922 жылы Бостандық ауылында дүниеге келіп, жастайынан ата-анасынан айырылып, 4-сыныпқа дейін балалар үйінде тәрбиеленіпті. Ата-анадан жалғыз қалған әкеміздің кіндігінен 12 ұл-қыз өссе, бұл күндері олардан 40-тан аса ұрпақ тарап отыр.
Бір өкініштісі, біз бала кезімізде де, жастық шақта да әкемізден қанқұйлы соғыс жайлы, қай жерлерде, қай майдандарда шайқасқаны туралы сұрамаппыз. Әкеміздің өзі де сұм соғыс жайлы көп ашылып айта бермейтін. Алда-жалда сұрай қалсақ: «Соғыс деген өмір мен өлімнің арасындағы шайқас, соғысқа араласу – ол ажалға бару дейтін»,-күрсіне отырып.
Қаратау қаласы Қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімнен алынған мәліметтерге жүгінсек, әкеміз майданға 1942 жылдың мамыр айында 6 гвардиялық атқыштар полкінде пулёметші бола жүріп кіріпті. Бұдан кейін сан мәрте кескілескен ұрыстарға қатысып, сан мәрте ажал аузына барыпты. ...Бір жолы, 9 - Мамыр Жеңіс күніне арналған мерекелік дастарханда сол кездегі Аққұм орта мектебінің директоры, марқұм Нысанбеков Әбіләш көкеміз екеуінің майдан естеліктері жайлы айтқан әңгімесінің куәсі болдым.
Әкеміз сол сұрапыл 1942 жылдың желтоқсан айында 25 гвардиялық атқыштар полкінде бір селоның сыртындағы қалың орман шетінде немістермен болған сұрапыл шайқасқа қатысқан. «Біздің жауынгерлер ұзына бойы терең тараншеялар қазып, қару-жарақ, оқ-дәрілерін сайлап жаудың келуін күтіп жатқан. Бір кездері жаудың да қарасы көрініп, танкісі бар, жаяу әскері бар шеп құрып жатқан Совет әскеріне қарай бет алған. Кескілескен ұрыс басталып та кеткен. Жау жақтан қарша бораған оқ, жарылған снарядтар. Небір үлкен талдар түбімен қопарылып құлап жатыр. Жау жақтан атылған оқтың көптігі сонша ағаш бұтақтары баудай қиылып түсіп жатыр. Атылған оқ пен жарылған снарядтың даусынан құлағымыз тас болып бітеліп қалды. Траншея бойындағы жауынгерлер бірінен кейін бір оққа ұшып, снаряд жарықшағынан жер құшуда. Жауынгерлердің қатары әбден сиреді. Жанымда жауға қарай пулеметтен оқ жаудырып жатқан ағайынды екі татар жігіті бар еді. Олардың да пулеметінің үні өшті. Қарасам, екеуі де оққа ұшып, пулеметті құшақтай құлапты. Осы шайқаста мен де аяғымнан жараланып, әскери госпитальға түстім. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» - деген рас екен, кескілескен осы шайқаста екі жүзден аса жауынгерден небәрі 11-12 адам ғана қалыпты».
Әкеміз жаумен айқасқан сұрапыл соғыста тізе қосып бірге жүрген майдандастарынан күн сайын айырылып, оларды жер қойнауына өз қолдарымен тапсырудың қаншалықты ауыр екенін жүрегі қарс айырыла отырып еске алушы еді.
Госпитальдан емделіп қайтқаннан кейін әкеміз 245-сапёрлар батальонының құрамында шайқасқа қатысқан. Соғыс кезінде сапёрлардың міндеті аса ауыр, әрі мейлінше қауіпті екен. Өйткені, олар Совет әскерлері шабуылға шыққан кезде олардың алдын жасырып көмген жау миналарынан тазартып отырған. Кейде, тіпті жау оғы борап тұрған кездің өзінде жол бойларында, болмаса үлкен көпірлерде Совет танкілерінің, зеңбірек сүйреген техникалардың алдын миналардан тазалауға тура келеді екен. «Осындай кездері сәл қателіктен минаға жарылып кеудесі бір жақта, аяғы бір жақта шоршып жатқан қаруластарыңды көргенде жаның түршігеді»,-дейді.
Осындай бір кезекті шайқаста әкеміз 1943 жылдың наурыз айында қолынан жарақаттанып, екінші мәрте госпитальға түскен. Бұдан кейін майданға қайта оралып, 389 атқыштар дивизиясының құрамында болған. Әкеміз соғысты аяқтап, елге әскерден 1946 жылы бірақ қайтқан.
Әкем айтатын: осы сұм соғыстың кесірінен қаншама боздақ қыршынынан қиылды. Мен де солардың бірі болып, жау оғынан қаза табуым мүмкін еді. Бірақ, көрер жарығым бар екен, майданда екі рет жаралансам да елге аман-есен оралдым. Тәңірімнің бұл да бір маған берген сыйы шығар, өмірдің қызығын көрсін, ұрпақ өсірсін деген болар.
Көзі тірі болғанда әкеміз биыл 93 жасқа келер еді. Сұрапыл соғыста жау оғына арқасын бермей, кеудесін тосқан нар тұлға майдангер әкемізді ұрпақтары ешқашан ұмытпайды және мақтанышпен еске алады. Өйткені, сан мыңдаған Совет әскерлері сияқты Отан үшін от кешіп жүріп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты, келер ұрпаққа бейбітшілік пен бақыт сыйлады.
Әкеміз, ауыл-аймаққа танылған, ел арасында беделді, қандай да бір даулы мәселелерді шешуге ықпалы бар, сөзі өтетін асыл жан еді. Қиналғанға қол ұшын беру, сүрінгенді сүйеп жіберу, ағайынға, ауылдасқа қамқор бола білу де әкеміздің бойына дарыған асыл қасиеттер болатын.
Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері әкеміз Байшонов Жазыбай неміс фашистерімен болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін бірнеше рет медальдармен және «ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесінде біздер ұрпақтары майдангер әкемізді мақтанышпен еске алатын боламыз.
Мұхаметілда Жазыбайұлы,
майдангердің ұлы.
Аққұм ауылы.
Газет pdf нұсқасы