Алдын алған абзал
- Толығырақ
- Жарияланды 10.04.2015 05:29
- Автор: Super User
- Категория: Маман кеңес береді
- Қаралды: 1762
Көктем- барша тіршіліктің бойына қан жүгіріп, тірілетін кезеңі. Дәл осы мезгілде табиғатта түрлі аурулар қозып, адам өміріне қауіп-қатер төндіреді. Оның ішінде адам өміріне аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы болып табылады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы алғаш рет 1944 жылы Қырымда жаңа жерді иелену мақсатында келген қоныстанушылар мен әскерлер арасында ауруға шалдыққан науқастарды тексеру барысында анықталған. Ғалымдар аурудың кенелер арқылы таралатынын және кенелер індеттің тасмалдаушысы екенін дәлелдеген.
Облыс бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы Мойынқұм, Сарысу, және біздің Талас ауданы болып табылады.
Сол себепті, жылдағы дәстүр бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ошағындағы эпидемияға қарсы және алдын алу мақсатында қаламыздағы орталық аурухананың мәжіліс залында кең көлемде конференция болып өтті.
Конференцияға аудан әкімінің орынбасары Қ.Рахымжанов, мекеме басшылары, медицина саласынның қызметкерлері мен ветеринариялық бөлімнің мал дәрігерлері қатысты.
Семинар- конференцияда Қазақстан Республикасы аумағындағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиялық және эпизоотиялық жағдайы және алдын алу іс-шаралары жөнінде Республикалық санитарлық эпидемиологиялық сараптама және моноторинг ғылыми практикалық орталығының бас сарапшысы Ақылбек Мырзабеков сөз алып:
-Табиғаттағы қанға тойған бір кене 8-14 мыңға дейін жұмыртқа салып, залалданған кене індет вирусын ұрпағына бере алады және қолайсыз жағдай туындаса қи-қоқыстың астына жасырынып 4-5 жыл қорексіз өміршеңдігін сақтай алады,- дей келіп, республика көлемінде КҚГҚ-на шалдыққан науқастар жайындағы статистикалық мәлімет айтып, бұл індетті түбегейлі жою мүмкін еместігіне тоқталып, тек кененің санын азайту арқылы тұрғындарды індеттен сақтау керектігі жөнінде тұщымды баяндама оқыды.
Келесі болып сөз алған Жамбыл облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев КҚГҚ ошағындағы эпидемияға қарсы алдын алу жұмыстарының атқарылуы барысы тақырыбында баяндама оқыды.
-Облысымыз бойынша КҚГҚ-на шалдығу 1982 жылы тіркелген. Осы уақыттан бергі 30 жылдың ішінде табиғи ошағының аумағы 136 есеге ұлғайды. Ол 200-ден 27100 шаршы киллометрді құрайды. 2014 жылы облыс бойынща кене шаққан 468 адам тіркелді. Оның ішінде Талас ауданынан-42 адам,- дегенді айта келіп, Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің КҚГҚ-ның алдын-алу мақсатында бекітілген 9 бөлімнен тұратын ұсыныспен таныстырды.
КҚГҚ-ның зертханалық диогностикасы және қан алу схемасымен Жамбыл облысы санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама орталығының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Мариякул Құлатаева КҚГҚ-на шалдыққан немесе осы індетке байланысты белгілері бар науқастан сынама алған дәрігерлер әрдайым қорғаныс киімдерін кию және зертханалық зерттеуге алынған сынаманың сапасын сақтай отырып тасымалдау өте маңызды екендігіне тоқталып, КҚГҚ-на алынған сынама облысымыздағы соңғы үлгідегі медициналық техникамен жасақтанған зертханада тәуліктің 5 сағатында қорытынды шығаруға қауқарлы екенін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Талғат Шымырбаев КҚГҚ-на шалдыққан науқастар жайын слайд арқылы көрсетіп, осы кезде қолданылатын медициналық көмек жайын кең көлемде сөз етті.
Сонымен, КҚГҚ-ның шығу тарихы, жұғу жолдары және табиғи ошағы мен залалсыздандыру мәселерін егжей-тегжейлі қараған баяндамашылардын соң КҚГҚ-ның эпидемиялық кезеңіне аудан аумағындағы емдеу мекемелерінің дайындығы жөнінде аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Е.Имаммырзаев: «Бүгінгі таңда індеттің алдағы көктемгі науқанына байланысты ауруханада осы ауруға қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Көп шоғырланған табиғи ошағы болып саналатын Үшарал ауылында провизорлық бөлім жұмысқа дайын», -десе аудан әкімдігінің ветеринариялық қызметі ЖШҚ КМК директоры Б.Қаратаев КҚГҚ таратушы кенелерге қарсы ветеринариялық санитарлық күрес шаралары елді мекендердегі қора-қопсыны дәрілеу, залаласыздардыру жұмысының тиянақты жүріп жатқандығына тоқталса, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жетекшісі Г.Молжигитова жалпақ жұртқа дәрігерлік кеңестер мен санитарлық ағарту жұмыстарына байланысты семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, басылым бетіне тұрақты мақалалар жарияланып жатқандығынан хабардар етті.
Олай балса, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,- дегенді естен шығармаған абзал.
Индира ЕРКІНҚЫЗЫ, “Талас тынысы”
Газет pdf нұсқасы