Өнер-халық ықыласымен өлшенеді
- Толығырақ
- Жарияланды 23.11.2015 05:56
- Автор: Super User
- Категория: Өнерлінің өрісі кең
- Қаралды: 1784
Нарбол ҚАШАҒАН, "Талас тынысы"
Ең үздік ауыл клубы мен мәдениет үйін анықтау мақсатында ауданымызда облыстық байқау болып өтті.
Алдымен, Тамды ауылдық округінің мәдениет үйі ахуалымен танысқан облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері аталмыш мекеменің меңгерушісі Талғат Шағырбаевтың ұйымдастыруымен және облыстық филормонияның әншісі Назима Үсенованың қатысуымен өткен «Бенефис шоу» үлгісіндегі кешті тамашалады. Әдемі ән мен әсерлі сөзге толы шараға ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Көтеріңкі көңіл сыйлаған кешке көпшілік қошеметін көрсетіп, ризашылықтарын білдірді.
Шара «Авангард» кинотеатрында Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының сахналауындағы тарихи көрініске ұласты. Тарихымыздың тамыры тым тереңде. Сан қилы нәубет пен қанқұйлы соғысты бастан өткерген елдің өткенінде айбынды тұлғалар аз болмаған. Олар Отанның тыныштығы мен халықтың татулығы жолында тер төгіп, басын қатерге тікті. Сондай мақтанышымыздың бірі-Абылайхан. Абылайхан өмірінің маңызды кезеңі Жоңғардың батыры Шарышты жекпе-жекте жеңіп, хан болуға лайық екендігін дәлелдеген тұсын өнерпаздар нанымды келтірді. Талант үшін маңыздысы көптің көңілін табу. Өнер иелері сол үдеден шыға білді.
Көрініс соңында «Әттең, кәдімгі театр сахнасы болғанда мына көрініс тіпті жанданып кетер еді. Әр әртіс өзі сомдаған тұлғалардың образын ашып, керемет әсер сыйлады»,-деп ризашылықпен тарасты жұртшылық.
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры Кендия Пірманды орайы келіп әңгімеге тартқанымызда: -Ең үздік ауыл клубы мен мәдениет үйін анықтауға арналған байқау біраз жылдан бері үзбей өткізіліп келеді. Бүгінде дәстүрлі шараға арналған. Қасиетті Талас жері таланттардың ордасы ғой. Содан болар ауданымыз бірнеше рет қатарынан бұл байқаудың жеңімпазы атанды. Ұйымдастырудағы мақсат-ауылдық жерлердегі клубтың мәртебесін өсіру, халықты өнер сүюге шақыру, ықыласын арттыру. Биыл облысымыздағы әр ауданнан бір мәдениет үйі сынға түссе, біздің аудан екі мекемені байқауға қосты. Олар бірін-бірі қайталамайтын әртүрлі тақырыпта өнер көрсететін болады,-деді.
Облыстық шараны Майтөбе ауылдық клубында өткен «Өнерлі отбасы» атты аймақтық байқау қорытындылады. Клубтың мәдениет жұмысын ұйымдастырушы Уәлихан Сағындықовтың ұйымдастыруымен өткен кеште ине шаншар орын болмады. Бұл сайыста Мақұлбековтер, Сейдахметовтер және Шығанбаевтар отбасы өзара бақ сынады. Үш кезеңнен тұрған байқауда өнерлерімен тыңдармандарын тәнті еткен Шығанбаевтар отбасы бас жүлдені иеленді.
Жеңімпаз отбасыларына аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі дайындаған Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді.
Бір айта кетерлігі, бұл аймақтық байқаудың ерекшелігі қуыршақ театрының әзірлеген көрінісі болды. Ұлттық нақышта киінген Алдар көсе және бай мен бәйбішенің өзара әңгімелері өте сәтті шықты, шараның шырайын ашты. Әзілге құрылған әңгімелері тек жасөспірімдерді ғана емес, үлкендердің де езулеріне күлкі үйіртті.
Шаралардың өту барысында ауыл тұрғындарының өнерге деген қызығушылығын аңғардық. Өнер-халық ықыласымен өлшенеді, өседі. Демек, өнерді бағалайтын ел барда, оның өрісі де кеңейе бермек.
Газет pdf нұсқасы