Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық туралы
- Толығырақ
- Жарияланды 25.10.2016 08:37
- Автор: Super User
- Категория: Құқық
- Қаралды: 1578
Нақтырақ айтатын болсақ, Қазақстан “Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 653-бабына сәйкес, процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ, сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) үшін ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолдану мүмкін.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) жасалған жағдайда, отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 9-тарауы арналған. Онда сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары және оның тәртібі көрсетілген.
Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Өзіне қатысты сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталған адам, сондай-ақ, іске қатысатын өзге де адамдар өз түсініктемелерін беруге құқылы.
Жоғарыда көрсетілгенді қорытындылайтын болсақ, сотқа қатысушлар сот отырысына кешігіп келген немесе соттың шақыруына келмеген жағдайларда, сот отырысында өзін дұрыс ұстамаған тұлғаларға қатысты жауапкершілік көзделген.
Істі қарау барысында, судьялар процеске қатысушылардың тарапынан сотқа құрметтемеушіліктің көптеген басқа түрлерін де айқындайды. Мысалы: сот отырысы залына өзімен бірге, сөндірілмеген ұялы телефонын алып кіреді; соттың рұқсатынсыз орнынан тұрады, сөйлейді; сот отырысында сағыз шайнап отырады; ішімдік ішіп келеді.
Ерекеше сөз қозғайтын мәселе – ол сотқа келушілердің киімі: кейде жігіттер сотқа жаз мезгілінде аяқтарына сүйретпе (сланцы), бұтына шорты киіп келеді, киген киімі шаң-тозаң болады; қыздар шаштарын жайып, ашық-шашық киім киіп келеді. Әрине, сотқа келушілердің киімі қымбат болуы шарт емес, алайда, сот мемлекеттік мекеме болғандықтан, әр адамның қоғамдық орында өзін тиісінше ұстау мәдениеті болу керек дейміз.
Сот отырысында өзінің қойған талабы бойынша түсініктеме бере алмайтын адамдар да кездеседі. Мұндай жағдайда, өзімен бірге сотқа өткізген құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелерін алып келіп, жазған арызының мән-жайын түсіндіріп беруі керектігі туралы кеңес береміз. Осы талап орындалған жағдайда, істің қаралу уақыты да азайып, қойған талап та түсінікті болады.
Қазіргі таңда сот отырыстары бейне және дыбыс қондырғылары арқылы жазылуда, яғни, іске қатысушылардың сот отырысындағы барлық іс-әрекеттері, сөздері таспаға басылады.
Сондықтан, соттың шақыруына уақтылы келу керек екенін, келе алмаған жағдайда, ол туралы хабарлау керек екенін; іске қатысушылар киімдерін дұрыстап, өздері қойған талаптары бойынша тиісті құжаттарды өзімен бірге алып келуі керек екенін Талас ауданы тұрғындарының назарына саламыз.
Л.Дукенбаева,
Талас аудандық
сотының судьясы.
Газет pdf нұсқасы