Ақкөлде наубайхана ашылды

Дүйсен Молдақұлов,
“Талас тынысы”
Тоғыз жолдың торабын­дағы Ақкөл ауылы құт қонып, қасиет дарыған киелі мекен саналады. Сонымен бірге, кезінде Ақкөлдің дәмді, сапалы нанымен де аты шыққан. Тараздан төменгі ауылдарға, төменгі ауылдардан Таразға қаты­наған жолаушылар міндетті түрде арнайы соғып, Ақкөл­дің нанын сатып алуды әдетке айналдырған болатын.
Кейін заман өзгерді. Қа­зір жұртшылық сол кездегі Ақкөлдің нанын айтып, әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды.

Енді міне, сол дәстүр өзінің жалғасын таппақ. Ақкөлдік жеке кәсіпкер Еркін Темірбеков шағын несие алып, наубайхана ашты. Оның ашылу салтанатына ауызбірлігі мен ынтымағы ыдырамаған ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
Әнші, термеші Басқанбек Раевтың ән шашуынан соң сөз алған ауылдық округ әкімі Асқар Қуаныш:
-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуға барынша мән беріп, соған қолайлы жағдайлар туғызып отыр. Соның арқасында ауыл тұрғындары ішінен “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 6 адам 37 миллион теңге, “Жұмыспен қамту-2020, жол картасы” бағдарламасымен 10 адам 16 миллион теңге және тағы да басқа несиелер түрінен барлығы 82 миллион теңге несие алды. Бүгін “Жұпаркүл” наубайханасын ашып отырған Еркінге осы жұмысты қолға алу қажеттілігі жөнінде кеңес бердім,-деді Асқар Алшынбекұлы.
Сондай-ақ, жиында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Жұмабек Әсемов пен ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбай Тәжібеков Ақкөл ауылы нанының бұрынғы даңқын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туып отырғанын тілге тиек етті.
- “Жұмыспен қамту-2020 жол картасы” бағдарламасы бойынша берілген 2 миллион теңге несиеге наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алдық. Қазір бөлке, батон нандарынан бастап түрлі бөлішкелер, самсаға дейін пісірудеміз.
Ауылымыздың әкімі Асқар ағамыз, аудандық жұмыспен қамту орталығы­ның басшысы Роман Қырықбаев бауырымыз осы несиеге қол жеткізуге көп көмегін тигізді,-деді Еркін Темірбеков.
Наубайхананың лентасы қиылып, аналарымыз шашу шашты.
Сонымен бірге, жиынға аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров, аудандық мәслихаттың депутаты Мұрат Несіпбаев, аудандық “Бизнес-инкубатор” мекемесінің басшысы Саят Момбеков қатысып, ақкөлдіктердің қуанышына ортақтасты.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер