Шағын стадион пайдалауға берілді
- Толығырақ
- Жарияланды 05.11.2015 03:58
- Автор: Super User
- Категория: Жағымды жаңалық
- Қаралды: 1495
Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"
Үшарал ауылы аудан орталығынан шалғайда жатса да, мұндағы тіршілік күннен күнге белең алуда. Осының бәрі ауыл тұрғындарының ауызбірлігі мен туған ауылына деген сүйіспеншілігінен туындап жатқан игі істер екені анық.
Мектеп бітірген түлектердің ауылдың кіреберісіне орнатқан аркасы мен бір сәт аялдап демалатын орны, ауыл ортасына орнатқан “Бәйтерек” монументінің көшірмесі, Билайн байланыс желісін іске қосуы-бәрі өз ауылына деген перзенттік сезім, еліне деген адалдық емес пе!?
Міне енді, осы ауылдың тумасы, Тараз қаласында тұратын жеке кәсіпкер Нұржан Жүнісбеков 4,5 миллион теңгеге ауылдағы мәдениет үйінің жанынан шағын стадион соғып, оны ауыл жастарының игілігіне ұсынды.
Стадионның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Қыдыралы Жүсіпов ауыл жастары үшін шағын стадион соғып, оларға көмек қолын созған Нұржан бауырымызға ауыл тұрғындары атынан алғыс білдірсе, ауылымыздың қадірменді қариясы Орынбасар Айтуов ақ батасын берді.
- Шағын стадион толықтай пайдалануға беріліп отыр. Міне, енді бұл стадион ауылымыздың көркін ашып, ажарландыра түскендей. Жаны да, қолы да жомарт Нұржан Жүнісбеков ағамызға деген алғысымыз шексіз. Еліне деген адалдығын танытқан ағамызға қандай мақтау айтсақ та жарасады,-деген ауыл әкімі Дархан Байымбетов Н.Жүнісбековтың ағасы Марат Дүрімбетовтың иығына шапан жапты. Шапанды иығына жауып тұрып ауыл әкімі:
- Осы істің қолға алынуына ұйытқы болғаныңызды жақсы білеміз. Ауылдағы “Үшарал” орта мектебінде сіздің әкеңіз, ел-жұртына сыйлы болған Ермек Дүрімбетов аға көп жылдар бойы директорлық қызметте болды. Осындағы көптеген кісілер сол кісіден тәлім-тәрбие алған. Ініңіз Нұржан Жүнісбеков ағамыз екеуіңіз бүгін үшаралдықтарға үлкен қуаныш сыйлап отырсыздар,-деді.
Жиыннан кейін аудандағы барлық ауылдық округтерден келген 11 команда өзара футбол жарысын өткізіп, бәйгеге тігілген 180 мың теңгені сарапқа салды.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды жеңіп алған Аққұм ауылының командасы 50 мың теңгені олжаласа, 2-орыннан көрінген Ойық ауылы командасының қоржынына 30 мың теңге түсті. Ал, Ә.Сағынтаев атындағы орта мектеп командасы 3-орынға табан тіреп, 20 мың сомның иесі атанды. Сондай-ақ, қалған 8 команданың әрқайсысына 10 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
Газет pdf нұсқасы