Ауданымызда фермерлер одағы құрылды
- Толығырақ
- Жарияланды 10.11.2015 04:03
- Автор: Super User
- Категория: Жағымды жаңалық
- Қаралды: 1639
Қамысбай САУҚЫМОВ, “Талас тынысы”
Облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов, “Ауыл шаруашылығын” қаржылай қолдау қоры” АҚ-ң басшысы, Қазақстан Республикасы Фермерлер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев, аудан әкімінің орынбасары Қ.А.Рахымжанов, ауыл округтерінің әкімдері, шаруа қожалықтардың төрағалары және мекеме басшыларының қатысуымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауыл шаруашылығы саласына бағытталған конференция өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған Ж.М.Дайрабаев аудандарда фермерлер одағын құру жөнінде сөз қозғады.
- 40 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығының ыстық-суығын бірдей көрген мен оның қиыншылықтары мен ауыртпалықтарына да куә болдым. Әлі күнге дейін бұл салада шешілмей жатқан мәселе көп,-деп өз сөзін бастаған Жигули Молдахалықұлы елімізде фермерлер одағы болмай, тек 2003 жылы қолға алынғанын, оны солтүстік өңір тұрғындары бастағанын баяндап, қазіргі таңда солтүстікте фермерлер одағына қарасты 8 миллион гектар жер бар екенін, оңтүстіктегі ағайындар осылардан үлгі алса, игі болар еді деген ойын да жеткізді.
Одақтың өз Жарғысы бар екенін хабарлап, осы арқылы жоғарғы орындардан Заң аясында өз талаптарын қоя алатынын, бір сөзбен айтқанда, фермерлер одағы ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге қолдау көрсететінін айтып, Талас ауданында да фермерлер одағын ашатындарын мәлімдеді.
Облыстық фермерлер одағы Талас аудандық филиалының төрағасы болып, “Сако” шаруа қожалығының төрағасы Жұмаділда Тұрманов бірауыздан сайланды. Сондай-ақ, облыстық фермерлер одағының алғашқы конференциясына делегаттар сайланды.
Ал, Н.Нұржігітов таластықтарды фермерлер одағының құрылуымен құттықтап, ауыл шаруашылығының өзекті мәселелеріне көшті.
- Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы” Заңына қол қойғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Онда ауыл шаруашылығын субсидиялау, инвестициялық субсидиялау, ірілендіру жөнінде баса айтылған,-деген Нұржан Молдиярұлы Заңдағы кооператив Жарғысына түсініктеме беріп, онда көрсетілген 18 бағыт бойынша көмек көрсетілетінін баяндап, кооператив органдарының құзіретіне де тоқталды. Сондай-ақ, ол Беларусь әдісі жөнінде де мағлұмат беріп, жаңбырлатып, тамшылатып суарудың пайдасын айта отырып, енді мемлекет, егер сіз ауыл шаруашылығы техникасын алатын болсаңыз, оның құнының 50 пайызын, осы салада құрылыс нысанын жүргізетін болсаңыз, 30 пайызын төлейтінінен де хабардар етіп өтті.
Залдан түскен сұрақтар көп болды. Бәріне тұщымды жауаптар қайтарылды.
Газет pdf нұсқасы