Есейханда еңселі білім ордасы бой түзеді
- Толығырақ
- Жарияланды 02.09.2016 05:27
- Автор: Super User
- Категория: Жағымды жаңалық
- Қаралды: 1121
Мадина Жарас, "Талас тынысы"
1 қырқүйек – Білім күні Есейхан ауылында жаңа білім ордасы бой көтеріп, балаларға есігін айқара ашты.
Екі қабатты еңселі ғимараттың құрылысы жаңа оқу жылының қарсаңында аяқталып, білім күні пайдалануға берілді. Қаратау орта мектебінің құрылысы 2015 жылдың ақпанында басталған болатын. Құрылысын “Казпромсторйстандарт” мердігерлік компаниясы жүргізген 120 орындық мектеп заманауи үлгіде салынып, озық технологиямен жабдықталған. Нысанның жалпы жобалық-сметалық құны 422 млн. 200 мың теңгені құраған. Заманауи үлгідегі жаңа мектеп тек оқушылардың ғана емес, сонымен қатар, ауыл тұрғындарының да көз қуанышына айналғандығы жасырын емес. Білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке арнайы келіп, жас ұрпаққа сыйға тартылған мектептің лентасын қиды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген осынау игілікті шараға жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізген мектеп ұжымы алғашқы қоңырау салтанатын жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өткізді. Әрбір шәкірт үшін киелі мекен, бақ орда, алтын ұя мектебі қашанда қымбат. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған балғындар мен барлық оқушылардың шараға белсене атсалысқаны осының дәлелі.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бәсекеге қабілетті білім байрағын тік көтерген ғимаратқа бас сұққалы отырған оқушылар мен барша ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Тимур Амантайұлы өз сөзінде бүгінде әлемді шарпыған дағдарысқа қарамастан елімізде жүзеге асып жатқан көптеген істер Елбасының сындарлы саясатының арқасында екендігін атап айтты. Білім күніне арналған жиында мұнан соң мектептің құрылыс - монтаж жұмыстарын жүргізген “Казпромстройстандарт” компаниясының директоры Мұрат Махамбетов жиналғандарды құттықтап, мектеп директоры Ләззат Бекбердиеваға символикалық білім кілтін табыстады. Аудандық мәслихаттың депутаты, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің өндіріс басшысы Құдиярбек Омаров туған топырағында бой түзеген жаңа мектепке тарту ретінде музыкалық орталықты сыйға тартты. Мұнан соң, облыс әкімінің орынбасары тимур жанке, аудан әкімінің орынбасары Кәдірбек Садубаев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагер ұстаз Құрал Нүрпейісов мектептің лентасын салтанатты жағдайда қиды. Жаңа нысанға қазақы дәстүрмен шашу шашылды.
Ғимараттың ішін аралаған Тимур Амантайұлы оның құрылысына баса назар аударды. Ол мектептің жаңа компьютерлермен жабдықталған 2 мультимедиялық кабинет, 1 лингофондық кабинет, кітапхана мен жаңа үлгіде жасалып, жабдықталған асхана, мектеп ауласында орналасқан спорт алаңын көріп, жоғары бағалады. Алдағы уақытта мектептің айналасына тал-дарақтар мен көпжылдық гүлдер егілсе, деген тілегін де жасырмады.
Салтанатты жиын соңы мектеп оқушылары мен Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Газет pdf нұсқасы