Мемлекеттік қызметшінің міндеттері таныстырылды
- Толығырақ
- Жарияланды 15.03.2016 05:13
- Автор: Super User
- Категория: Жемқорлық-індет
- Қаралды: 1304
Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"
Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдың 1 қаңтарынан «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енгені белгілі.
Бұл жаңа құжат мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, ел экономикасындағы барлық саланың дамуына оң өзгеріс әкелмек. Өйткені, кез-келген саланы ілгері жетелеуші-мемлекеттік қызметкерлер.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жаңа қабылданған Заңды түсіндіру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі және мемлекеттік қызметшінің жаңа келбеті» тақырыбында семинар өтті.
Жиында алғашқы болып сөз алған мекеме басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам” - Ұлт жоспарының міндеті мен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған шаралар жайында баяндады.
Сондай-ақ, басқосу барысында мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бастығы Гүлнар Смағұлова мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі мен қызметшіге қойылатын талаптарға тоқталды.
Жиында мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Каипов қызмет қатынасындағы және қызметтен тыс уақыттағы мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық стандарттарын әңгімелесе, департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ержан Жұмабеков «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау» тақырыбында баяндама жасады.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі Болат Рысмендиев жиылғандарды талапқа сай жұмыс атқаруға шақырып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Жиыннан соң Болат Әлмұқанұлы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, көпшілік тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.
Газет pdf нұсқасы